"ҰБТ-ға сеніммен барайық" ата-аналар мен оқушыларға арналған семинар-тренинг
«ҰБТ-ға сеніммен барайық» ата-аналар мен оқушыларға арналған семинар-тренинг
Мақсаты: Қазіргі кездегі баланың дамуына жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің үлесі зор екендігін түсіндіре отырып, қарым-қатынас орнату. Ата-аналарды өздерінің балаларының жан дүниесін түсіне білуге және қол ұшын соза білуге ықпал ету.
Міндеті: Өзіне сенімді болуға баулу. Оқушыларға ҰБТ - ді сенімді тапсыруға дайындау.
Қатысушылар: ата-аналар, оқушылар, сынып жетекші, пән мұғалімдері.
Тренинг ережесі:
- Тренингке берілген регламентті сақтау;
- Тренинг барысында бір бірінің сөзін бөлмеу;
- Қатысушылармен бірігіп жұмыс жасау;
- Қатысушылар бір біріне кедергі келтірмеу;
Ұйымдастыру кезеңі:
Тренингтің барысы: Құрметті мектеп түлектері, сіздер Қазақстанның болашағысыздар, болашақ бүгіннен басталады! Сіздер кеше ғана бүлдірішін бала, қызыл шақа балапан болсаңдар, міне бүгін дүбірлі додаға қатысуға дайын, жарауы жеткен сайгүліктей ауыздықпен алысып тұрсыңдар. Алдарыңда үлкен болашақ, ұлы мақсат, міндет күтіп тұр. Асар белестерің, шығар биіктерің көп болсын. Кім еңбектенсе, соның бағы жанады. Халқымыз айтпақшы «Талаптыға нұр жауар!» деген емес пе? Бақтарың жансын.
- «Өрмекшінің торы» атты танысу тренингі
Сіздермен танысу мақсатында «Өрмекшінің торы» атты тренинг өткіземін. Мен жіптің басын ұстап қалып, өзімнің аты жөнімді және жақсы қасиеттерімді айтамын да, келесі адамға жіпті лақтырамын, осылайша кезектесіп жіпті бір біріңізге бересіздер. Бір-бірімізге жіпті беру арқылы өрмекшінің торы шығады. Енді сіз алдыңыздағы адамның аты мен жақсы қасиеттерін айта отырып, кері қайтарып бересіздер.
- «Қар қиыршықтары» әдістемесі
Нұсқау: Ақ қағазды алып ортасынан бүктейміз де, оң бұрышын жыртып аламыз. Тағы да бүктейміз де оң жақ бұрышын жыртып аламыз. Осылайша мүмкіндігінше жалғастырамыз. Енді барлығымыз өзіміздің қар қиыршықтарымызды ашып қараймыз.
Талдау:
- Кімде бірдей қар қиындысы шықты?
- Жоқ, себебі неде деп ойлайсыздар?
- Неге бәрімізде бірдей ақ қағаз және бірдей әрекет жасасақ та қар қиыршықтары басқаша шықты деп ойлайсыздар?
Себебі, бәріміз бірдей әрекет жасағанымен, біздер әр түрлі адамдармыз, әр түрлі қимылдаймыз. Ал балаларымызға келсек, әрқайсысы бөлек тұлға, әрқайсысының ойлауы, дүниетануы көзқарасы бәрі де әртүрлі. Бүгінгі жиналуымыздың бірден бір себебі, ҰБТ ға, емтиханға балаңызды дайындауда қолдау көрсету.
- Оқушыларға: «Менің отбасым» жобалау әдістемесі. Ата-аналарға: «Кімге кімнің жақындығы» әдістемесі.
«Менің отбасым» жобалау әдістемесі. Нұсқау: Оқушылар «Менің отбасым» тақырыбына суреттерін салып, партаның үстіне қояды. Салынған суреттердің ішінен ата-аналар өз балаларының суреттерін табуы қажет.
Талқылау сұрақтары:
- Өз балаңыздың суретін табу қиын болды ма?
- Өз балаңыздың суретін қандай элементтер бойынша таптыңыз?
«Кімге кімнің жақындығы» әдістемесі. Мақсаты: отбасында қай бала кімге жақын, анасына ма, әлде әкесіне ме, соны анықтау.
Шарты: Ақ параққа үлкен шеңбер салу, ішіне отбасында қанша жан бар, сонша кіші шеңбер салу және сол шеңберге аттарын жазу.
Талқылау:
- Шеңбердің ішіндегі балаларға қарап көріңіздер.
- Сіздің отбасыңыздағы қай балаға қайсы бала жақын екенін көріңіз.
- Сіздің қасыңызда кім тұрғанын көріңіз.
- Бұл суретте өзіңізге қайсы жақын екенін, қайсы балаңыз сізбен ашық сөйлесе алатынын салдыңыздар, қай балаға қайсы жақын екенін салдыңыздар.
- «Ашық хат» (алдын ала бітіруші түлектер анасына хат жазады). Нұсқау: балаларыңыз сіздерге деген жүрек түбіндегі лебіздері мен құрметтерін, айта алмай жүрген ойларын ашық хат бетіне түсірген болатын. Сондықтан ашық хатты оқып шығып, балаларыңызға сіздер де ашық хат жазыңыздар. Ашық хатта балаңызға айтпай жүрген еркелететін сөздермен бастап, болашаққа өмір жолына тілектеріңізді жазыңыздар. Олар да бір ой түйіп, нәтиже шығарсын.
- «Стрессті қалай жеңуге болады?» Ойын барысы: Оқушыларға шар үлестіріледі, психолог, оқушылардың бір шетінен «Сендердің қандай жағдайда жындарың келеді?» деген сұрақ қояды. Оқушылар сол сәттерімен бөлісіп шарды үрлейді, әр бір оқушының айтқан сөзінен кейін шар үрлене береді, шар үлкейе береді, үйге барсам ата - анам ұрсады, мектепке келсем сынып жетекшім оқушылар алдында сынайды, осы сөздердің бәрі айтылады, оқушылар үлкен болып шыққан шарды жарады. Сосын оқушыларға екінші шар үлестіріліп, психологтың алдынғы сөзді қайталануы бойынша үрленіп, үлкейеді, «Ата - анам мені үнемі жақсы болсын дейді сол үшін, ұрсады, мұғалімім мені болашақта жақсы азамат болсын дейді, сол үшін сынайды»деген сөздерден кейін оқушылар шардың желін ақырындап шығара бастайды. Шардың ішінде желі қалмайды. Релексация: «Бұл ойыннан қандай ой түйдіңдер?» оқушылар өз ойын айтады.
Психолог: Мінеки оқушылар стресс осылай жиналады, ол жинала берсе сенің денсаулығыңа, алда болатын ҰБТ - ға дайындығыңа, психологиялық дұрыс қалыптасуыңа өте зиянды, сол үшін бойларыңдағы жағымсыздық қасиет тудыратын сөздерді дұрыс қабылдап, стреске ұшырамауларыңа тілектеспін.
- «Уәде беремін»
Тренингтің ережесі: Оқушылар шеңбер құрып тұрады. Бірінші тұрған оқушыға айна беріледі.Сол айнаға қарап оқушы өз-өзіне уәде беруі тиіс. Мысалы:»Мен алдағы ҰБТ-дан 100 балл алуға уәде беремін»,т.б.
Тренингтің мақсаты: Оқушылардың өзін-өзі жігерлендеруі, алдына анық мақсат қоюға үйрету.
Рефлекция: «Жылулық шеңбері»
Ал енді барлығымыз бір-біріміздің қолымыздан ұстап үлкен шеңбер жасайық. Өздеріңізді үлкен тұтас дененің бір бөлшегі ретінде сезініңіздер, әр қайсысымыздың өз орнымыз, өз есебіміз бар....
Көздеріңізді жұмыңыздар, ал енді ойша осы шеңберде тұрған адамдарға жақсы, жылы, қайырымды тілек тілеңіздер. Біздің оларға бергіміз келетіндігін барлығы сезінетіндей етіп жасау біздің күш- жігерімізде. Біз қаншалық көп берсек, соншалықты өзімізге қайтады, себебі біздің әрқайсымыз- тұтас үлкеннің жартысымыз, сіздің өз отбасыңыздың бір бөлшегіміз... ( сезіну мен жанасу коммуникациясы)
Енді көздеріңізді ашуларыңызға болады.
Құрметті ата –аналар! Өз балаларыңызбен қарым –қатынас жасауда шыдамды болыңыздар. Жай ғана өз балаларыңызды сүйіспеншілікке бөлеңіз, өз сөздеріңізбен, дауыс ырғағыңызбен, құшақтасуларыңызбен және өздеріңіздің іс –әрекеттеріңізбен өзіңіздің оған деген махаббатыңызды көрсете біліңіз.
Сонда барлығы жақсы болады! Көп рахмет!
Барлықтарыңызға рахмет!